Caspian University Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің «Мәдениаралық-коммуникативтік аударма» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Аманкелді Гүлсара Мұхтарқызы «Түркі халықтарының үздік студенті» атты халықаралық байқауға қатысып, Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бұл марапат студенттің оқу үлгеріміндегі жоғары жетістіктері, қоғамдық өмірге белсенді қатысуы, түркі әлемі жастары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ «Түркі халықтарының үздік студенті» халықаралық байқауындағы жоғары нәтижелері үшін табысталды.
«Түркі халықтарының үздік студенті» халықаралық форумы – түркі халықтарының дарынды, білімді әрі бастамашыл жастар басын қосатын маңызды алаң. Форумның басты мақсаты – білім беру, ғылыми және қоғамдық қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген студенттерді анықтау және қолдау, сондай-ақ түркі әлемі өкілдері арасындағы достық қарым-қатынасты, мәдени байланыстар мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Caspian University студенттерінің халықаралық байқаулар мен форумдарға қатысуы олардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, академиялық байланыстарын кеңейтуге және қазақстандық жастардың жетістіктерін халықаралық деңгейде танытуға ықпал етеді.
Аманкелді Гүлсара Мұхтарқызын лайықты марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да толағай табыстарға, жаңа жетістіктерге және кәсіби өсуге тілектеспіз!

